Рухани жаңғыру аясында оқушылардың құқықтық сауаттылығын Дала заңдары мен Ата заңның сабақтастығы аясында қалыптастыру

Биқожаев Мақсат Жұмалыпұлы6

№ 45 мектеп – гимназиясының

тарих пәнінің мұғалімі

Талғар  ауданы Бесағаш ауылы

 

Құқық – қоғамдағы ең негізгі және маңызды қатынастарды реттейтін, қоғамға пайдалы, қажетті қатынастардың дамуына жол ашып, қорғап, ал қоғамға зиянды қатынастарды шектеп, тыйым салатын құрал. Сонымен бірге, құқық азаматтардың бостандығын, қоғам алдындағы міндеттерін жариялап және оларды жүзеге асыруда заң жүзінде кепілдікті қамтамассыз етеді.

Құқық нормалары мен ережелері адамдардың іс- әрекеттері мен мінез-құлықтарының қоғамдық мүддеге, белгіленген тәртіпке, қабылданған заңдарға сай келуін  талап етеді.  Сондықтан да осы талаптарға сай өмір сүру, еңбек ету және т.б. әрекеттерге бару үшін, оларды білу әрбір азаматтың борышы, міндеті.

Олай болса, оқушы жастарға құқықтық білім беріп, олардың жеке тұлғасын қалыптастыруда мектептегі құқықтық тәрбиенің ата дәстүр мен қазіргі демократиялық қоғамның заңдылықтарын сабақтастығы маңызды болып отыр. Рухани жаңғыру бағдарламасының ұрпақтар арасындағы сабақтастық десек, ата – бабамыздан мұра болып қалған дала заңдарының ережелері мен үкімдерін жас ұрпаққа түсіндіре отырып қазіргі қоғамдағы құқық ережелерін сақтау мен құрыметтеуге тәрбиелеу, сол сабақтастықтың үзілмеуінің кепілі болмақ. Оқушы жастарға құқықтық білім беріп, олардың жеке тұлғасын қалыптастыруда мектептегі құқықтық тәрбиенің мақсаты:

  1. Өскелең жас ұрпақты қоғамның заңдары мен нормаларын бұлжытпай орындау және оларды сыйлау рухында тәрбиелеу.
  2. Мемлекет пен қоғам ісіне саналы түрде белсенділікпен қатысып, өз Отанын қорғауға әрқашанда дайын болуға жаттықтыру.
  3. Өз елінің материалдық және рухани байлығын сақтап, оны молайтуға қабілетті, іскер адамдарды тәрбиелеу.

Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектеп әлеуметтік мекемелердің  бірі ретінде оқушыларға заман талабына сай, лайықты құқықтық білім беру, олардың құқықтық сана – сезімін қалыптастыруда шынайы ағартушылық орны болған жағдайда ғана іс жүзіне асады. Себебі, балалардың мектепте оқитын шағы – адамның сана сезімінің қалыптасуының ең бір нәтижелі кезеңі. Сондықтан, мектеп оқушыға алғашқы күннен бастап қоғамның қатаң және шүбәсіз талаптарын қойып, оны лайықты мінез-құлық ережелерімен ұштастыру қажет. Бұл жұмыс қоғамдық сананың қол жеткен табыстарын, оқушылардың жас ерекшеліктерін, ой-саналарының дәрежесін т.б. жағдайларды ескеріп жүргізілуі керек.

Оқушы жастарға адамгершілік тұрғысында тәрбие беруде ата – бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегенің мәні зор. Сөз қадірін білетін заманда бір ауыз сөздің ішкі мағынасын жете түсініп, содан өзіне тәлім – тәрбие алған  бабаларымыздың қасиетіне бүгінде не жетсін!

«Арақ пен ұйқы кедейліктің төте жолы», «Байлық бір жұттық», «Өнерлі өрге жүзеді», «Ата – анасын сыйлаған адал бала, отырады жұмақтың төрін ала» т.с.с. тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бере отырып, ұрпақтарды адамгершілік пен құқықтық тәрбиеге баулыған.  Бірінен екіншісіне үлгі болған. «Әкесін көріп қыз бер де, шешесін көріп қызын ал» деген мақалдың ішінде қанша философиялық ой жатыр.  Осыдан, ұл мен қызды тәрбиелеуде әке-шешесінің міндетінің қоғам алдында қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады.

Халық кейінгі кезде «Әкім бол, халқына жақын бол», «Балық басынан шіриді»- деген мақалдарды жиі айтып, қызмет төрінде отырған әкімдер мен шенеуніктерге және халық қалаулыларының адамгершілік қасиеттеріне ерекше назар аударып жүр. Олай болса, ата – бабамыздың үлгісін, жол-жоралғысын еске ала отырып, тарихта өткен хандарды, олардың жарлықтарын, билердің әділ шешімдерін өскелең жас ұрпаққа меңгертудің де мәні зор. Сондықтан, мектеп қабырғасынан өмірге, еңбекке аттанатын жастардың бойында адамгершілік қасиет пен құқықтық мәдениеттің негіздері бірлікте қалыптасуы тиіс.