Мені толғандыратын өзекті мәселе

«Дүниенің ағын да, қарасын да,

Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.

Қарасымен шамаң жоқ таласуға,

Ей, өмірім, зымырап барасың ба?»-

деп жырлаған екен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Ей, өмір» атты өлеңінде. Күнделікті күйбең тіршілікпен өміріміздің ағын судай тасқындап, зырылдап өтіп бара жатқанын да байқамаймыз. Кейбір кезде әке-шешеміздің «Қалыңыз қалай?» деп бір ауыз жағдайын сұрауға да шамамыз жоқ. Сондай кезде өзіміздің де ата-ана екеніміз еске түседі. Жасың ұлғайған сайын адам өзінше бір қорқақ, бәріне шорқақ болып кететін сияқты ма деп қоям. «Неге менің бос уақытым жоқ осы?» деп ойланам кей кезде, мүмкін мен әйел баласы болғандықтан ешнәрсеге үлгермей, әрдайым жанталасып жүретін сияқтымын. Мүмкін менің Алланың берген үлкен сыйы төрт балам болғандықтан, уақытым тапшы болып жүретін шығармын. Мүмкін мен бұл өмірде қиын да қызықты мамандықтардың бірі – ұлағатты ұстаз кәсібін таңдағандықтан әрбір уақытым санаулы болып көрінетін шығар.

«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген екен  К. Д. Ушинский.  Сырттай қарағанға мұғалімнің жұмысы оңай болып көрінетін шығар, бірақ мұғалім болып жұмыс істеген адам ғана түсінетін шығар мұғалімнің жағдайын. Осы мектеп қабырғасында жүргенде, яки болмаса өміріміздің ең қызықты да шуақты кезеңі  студенттік кезеңде «жұмыссыз қалсам да осы мұғалім болмаспыз» деп айтушы едік бір-бірімізге құрбы-құрдастар болып жиналып отырған кезде. Бірақ өмір өзі бәрін реттеп отырады екен, сенің қалауың емес, Алланың қалауы болады екен бұл жалған дүниеде. Ұстаз болғаныма өкінбеймін, бірінші себеп оған менің қыздарым. Олар әрдайым маған: «Анашым, өскен кезімізде біздің сіз сияқты ұстаз болғымыз келеді», — дейді. Екінші себеп, қазіргі қоғамда ұстаздың алар орны ерекше. Кейбіреулер үшін мұғалім болу ауыр, әрі жалақысы төмен мамандықтардың бірі болуы мүмкін. Бірақ мен үшін емес.

Алғаш ұстаз болып жұмысқа кірген кезімде әрине оңай болды деп айта алмаймын. Дегенмен, әрбір адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Уақыт өте келе өз кәсібімді жақсы көре бастадым, мұғалім болу мен үшін   жеп отырған «наным» ғана емес, сонымен қатар осы өмірде  атқарып жүрген ұлы істердің бірі сияқты.  Әрине қазіргі кезде мұғалімдерді толғандыратын өзекті мәселелер өте көп. Мұғалімнің жұмысы біріншіден қағазбен байланысты, шынын айтқанда біз азаннан кешке дейін қағазға көміліп отырамыз. Мүмкін осы қағазбастылығымыз кішкене азайса, жұмысымыз жеңілдер ма еді. Сабағымыз сапалы өтер ма еді, өйткені кей кезде біздің сабаққа дайындалуға да мұршамыз келмей жатады. Жалғыз менің емес, бұл кез келген мұғалімнің көкейінде жүрген сұрақ. Оны енді кейбіреулер айта қоймас, өйткені оны еститін құлақ болмауы мүмкін, оны айтқанмен не пайда деуі мүмкін. Алайда сіздердің байқауларыңызды пайдаланып, мен ішімдегі толғандырып жүрген мәселені жеткізгім келеді. Біз теория жүзінде емес (яғни қағаз жүзінде), практика жүзінде көбірек жұмыс жасасақ. Мен мысалы, сабағыма қатысты тапсырмаларымды көрнекі етіп жасап, сабағым студенттерге қызықты  болып өтсе екен деймін. Жеп отырған наным адал болса екен деймін. Өйткені өзім де ата-анамын, кез келген ата-ана балам сапалы білім алса екен дейді. Болашақта еліне қызмет жасайтын үлкен азамат болсан екен деп армандайды. Сондықтан сапалы сабақ беру әрбір ұстаздың міндеті. Кейбір кезде студенттердің сабаққа байланысты қоятын сұрақтарына жауап бере алмайтындай жағдайда боламыз. «Неге?», себебі мен көп ізденуім қажет, көп  оқулықтарды оқуым қажет, қазіргі ХХІ ғасырда бәрі дамып келе жатқан заманда, «Цифрлы Қазақстан» дәуірінде көштен қалмау үшін білімімді жетілдіріп отыруым қажет. Әрбір секунд сайын, әрбір минут сайын бұл ғаламда бір жаңалық ашылып жатыр. Сол жаңалықтардан хабардар болып отыруым қажет.  Оған әрине уақыт жетіңкіремейтін сияқты.

Тоқ етерін айтқанда, мұғалім болу оңай емес.  Мұғалімнің еңбегін бағалайтын студент, ата-ана, ең біріншіден мемлекет басшылары болса деймін. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» осы, мұғалімдерге көрсетілетін құрмет, жасалынатын ізет, көрсетілетін көмек көбірек болса деймін.

                        Избасарова Жанат Мухтыбаевна

Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі