МЕКТЕПТЕГІ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІНІҢ МАҢЫЗЫ

Жетписбаева Баян Серикбайкызы

 

ОҚО, Сайрам ауданы, №93 жалпы орта мектебінің 

денешынықтыру пәнінің мұғалімі

 

                                                                Дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдансаң,

                                                                 дәрігерге пысқырып та қарамайсың.

                                                                                                                  Ибн Сина

Қозғалыс адам өмірі үшін аса қажет. Дене жаттығулары — организмдегі жасқа байланысты өзгерістердің алдын алатын және ұзақ өмір сүруге көмектесетін маңызды амалдардың бірі. Ежелгі гректер: «Егер сұлу болам десең — жүгір, денсаулығым мықты болсын десең — жүгір» дейтін.

Оқушылар дене-бітімінің дұрыс дамуы, денсаулығының нығаюы, жұмыс қабілетінің артуы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына қарсы тұруға ықпал етеді. Жақсы денсаулық -адамның еңбек және қоғамның іс-әрекетке жемісті қатысуының маңызды кепілі. Оқушылардың денсаулығына қамқорлық жасауға біздің қоғамымыз мейлінше мүдделі. Сабақтарда, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет.

Дене тәрбиесі ең басты күн тәртібін, яғни, еңбек, демалыс, тамақтану, үйқы, бос уақыт ырғақтарын дұрыс ұйымдастыруда талап етеді. Күн тәртібін тиімді пайдалану балалардың ақыл-ойы мен дене құрылысының дұрыс дамуына, денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Дене тәрбиесі пәні мектебімізде барлық оқу — тәрбие түзілімімен тығыз байланыста жүргізіліп, оқушылардың өмірінде маңызды орын алады. Дәстүрлі емес құрал — жабдықтарды тиімді әрі дұрыс пайдалану – сабақтың жүйелілігін арттырып, жаңа дағдылар мен шеберліктерді игеруді тездетеді, әрі бұрын өткен сабақтарды бекітуге септігін тигізеді. Мектепте жұмысты осылай жүргізудің нәтижесінде оқушылар Президенттік және Ұлттық сынамаларды табысты орындауға қол жеткізіп келеді. Сабақты сауатты ұйымдастырып, оны жоғары деңгейде өткізу арқылы мектеп оқушыларының дене дайындығы мен дене бітімінің дұрыс дамуына тиісті дәрежеде қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан сыныптан тыс жұмыстарды да қосымша жүргізу қажет. Біздің мектепте сыныптан тыс жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, біз жыл сайын дәстүрлі түрде 8 — 9 және 10 — 11 сынып оқушылары арасында мектепішілік спартакиада өткіземіз. Спартакиада бағдарламасына баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, Президенттік және Ұлттық сынамалардың элементтері кіреді. Біз мектепте өтетін әр спартакиадаға оқушылардың көптеп қатысуына мән береміз. Себебі, спорттың баршаға бірдей  болуы –  мектепте  өткізілетін  дене  шынықтыру  мен  сауықтыру  шараларының басты мақсаты. Сондықтан әр оқушы осындай шараларға қатысу арқылы өзін танып, өзінің ортақ іске қатысы барлығын сезінуі керек.

Абылайхан атындағы №93 жалпы орта мектебінде волейбол, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, жас атқыш спорт секциялары мен үйірмелері жұмыс істейді. Мен баскетбол мен тоғызқұмалақ секцияларын жүргіземін. Енді өзім жүргізетін баскетбол секциясының жұмысына толығырақ тоқталайын. Баскетбол секциясына оқушылар таңдау үшін әр оқу жылының аяғында 7, 8, 9 сынып оқушыларының қыздары арасында баскетболдан жарыс өткіземін. Осы сайыстан соң баскетбол секциясына қатысатын қыздарды іріктеп аламын.
Жаңа оқу жылының басында осы қыздар медициналық байқаудан өтеді. Медициналық байқаудың қорытындысы бойынша дене тәрбиесі пәніне қатысуға рұқсат алған оқушылар бірден жаттығуға кіріседі. Алғашқы сабағымда баскетбол ойынының денсаулықты нығайтуға, дене бітімінің және мүсіндерінің әсем болып қалыптасуына зор ықпал ететіндігін оқушыларға ұғынықты тілмен түсіндіремін. Сондай — ақ баскетболдың бойдың өсуі мен мидың дамуына да зор ықпалы бар екендігін айтып, оқушыларға ойын барысында әуелі ми, содан кейін қол мен аяқ қозғалысқа келу керектігін жеткіземін.
Тәжірибеден байқап жүргенімдей қайсыбір оқушылар ешқандай ойланбастан қажетсіз қимылдар жасап, керексіз бағытқа допты айдайды. Нәтижесінде көп қателіктер жібереді.
Баскетболда ойын барысы жиі өзгеріп, алаңдағы жағдай ойыншыларға беймәлім болады.          Сондықтан баскетбол ойынында мидың негізгі қызметі алаңдағы қалыптасқан жағдайға тез баға беріп, қарсы әрекеттің тактикалық шешімін шығару болып табылады. Баскетболда ойыншылардың әдіс — тәсілдерді меңгеруі маңызды роль атқарады. Сондықтан мен осы мәселеге көп көңіл бөлемін. Оқушыларды әзірлеу кезінде мен бірінші орынға допты беру тәсілін қоямын.

Өйткені екі команда болып ойнаған кезде үйренуші оқушылар допты мақсатсыз жүргізіп, қалай — солай лақтырады да допты бір — біріне беру тәсіліне тиісті дәрежеде мән бермейді.
Мен допты берудің негізгі ережелері мен ұстанымдары жөнінде оқушылардың жақсы теориялық білімдерінің болуын және ойын кезінде оларды тиімді пайдалануды талап етемін. Баскетбол ойынындағы ұстанымдардың бірі – бұл доптың өз серігіне қарсылас үшін кенеттен, дер кезінде және дәл берілуі. Ойыншы өз серігіне доп бермес бұрын қарсыласын алдайтын қимыл жасауы тиіс. Негізі баскетбол ойынының маңызды ұстанымдары көп, оларды оқушылар жаттығу барысында игереді.
Екінші менің назар аударатын мәселем – ол допты айдау.

Себебі команданың өзара әрекеттесе қимыл жасауы тап осы әрекетке негізделеді. Допты дұрыс айдау – доп айдаушыға(«дриблерге») немесе оның серіктеріне көп ретте допты торға лақтыруға қолайлы жағдай жасауға көмектеседі. Сондай — ақ допты дұрыс алып жүру қарсылас бағушыны (прессингті) жеңуге де жәрдемдеседі. Команда қорғаныстан шабуылға шыққан сайын ойыншылар допты айдауды жүзеге асырады. Сондықтан мен өз секция жұмысымда допты айдауға да ерекше көңіл бөлемін.
Секцияны жүргізу барысында әртүрлі жаттығуларды қолданамын. Атап айтқанда сол қолмен және оң қолмен допты айдау, артқа қарай келе жатып допты бірге жүргізу. Доппен бұрылыс жасап айналу. Артқа қарамай допты арқа тұстан бір жақтан екінші жаққа ауыстыру.

Сондай — ақ допты екі аяқтың арасынан өткізу арқылы ойынды жүргізу.
Ойыншылардың қимыл — қозғалыстарының және допты қабылдаулары мен өз серіктеріне берулерінің түпкі мақсаты – торға доп түсіру. Сондықтан торға доп лақтыру әдістерін меңгеруге де көп уақытымызды сарп етеміз. Сондай — ақ бұл бөлімде негізгі назарды допты торға лақтырудың техникасына аударамын. Оқушыларға допты торға лақтырудың негізгі ережелерін түсіндіремін. Допты торға лақтыру сәтінде оң қол шынтақтан түзетіліп, қолдың басын алға созу арқылы «иілу» («кивок») жасалып, орындалады.
Жаттығу кезінде оқушыларға өз тәжірибемнен де мынандай ақыл — кеңестер беремін. Допты торға лақтырған кезде доп саусақтың ұштарынан ажыраған соң да оң қолды артқа тартуға болмайды. Сондай — ақ допты торға лақтырғаннан бастап оның соңына дейін торға қарап тұру керектігін ұғындырамын. Егер осы қарапайым ереже орындалмаса, ойыншы доптың ұшу барысын бағамдай алмай қалады да, доптың торға түсу дәлдігі азаяды.

Әдебиеттер:
1.  К.Бержанов, С.Мусин. Педагогика тарихы. — Алматы: Мектеп, 1972.
2. Е.Сағындықов. Ұлттық ойындарды тәрбие жұмысында қолдану. — Алматы, 1992.
3.   4. Ж. Қоянбаев, Р.Қоянбаев. Педагогика. — Алматы, 1998.
5. Савин Н.В. Педагогика. — Алматы, 1983.