Эссе

Тақырыбы: Мені толғандыратын өзекті мәселе

Орындаған:Таубаева Фарида Жилкишиевна

Қазір әрбір үлкен кісіге балалық шағын еске алдырсаңыз, олардың әрқайсысы балалық шағының алмасының, қызанағының, етінің, майының дәмі басқа, ерекше дәмді болғанын, ол заманның ойындарының басқа болғанын  еске алады. Алма алма болып, қызанақ қызанақ болып табиғи жолмен өсіп-пісіп, өмір бойы санамызда қалатын біз білетін дәмі болу үшін алты ай жаз уақыты керек. Ал қазір сол табиғилылық жоқ. Қазіргі жоғары технологияның дамуы адам санасындағы күту, сағыну, дауысын есту, құшу, жұпар иісін аңсау, тәтті дәмін сезіну ләззатынан айырғанымен қоймай  іздену, ойлау, талпыну, ұмтылу сияқты керемет қасиеттерден де адам баласын шеттетіп бара жатқан сияқты. Мен бұл жерде технологияның дамуын кіналаудан аулақпын. Бірақ казіргі кездегі балаларға мемлекет, мектеп, мұғалімдер, ата-аналар тарапынан шектен тыс көңіл бөлінуі, қамқорлық жасауы, елден артық етуге, талантын, дарынын ашуға  шамадан тыс асығуы, дәмі кеткен қызанақтай қазіргі балалардың бойындағы жеке тұлғалық қасиеттерінің ашылып, дамуына кедергі келтіріп жатқанына еш күмәнім жоқ. Біз өзіміздің ерекше  «қамқорлығымызбен» балаларымызды табиғи дамуынан ажыратып жатырмыз. Қазіргі кезде «мотивация» деген сөзді көп қолданатын болдық. Сол сөздің орнына баяғы «арман» деген сөзімізді көбірек тәжірибеге енгізсек нұр үстіне нұр болар еді. Баяғыда Лениндік ережені тақылдатып жаттап, кеудемізге бесжұлдызды тағу үшін қалай асығушы едік, жүректің ерекше естілетін дүрсілімен «Ант етемін, ант етемін» деп айтып мойнымызға қызыл галстукты тағу үшін, қомсомол қатарына өту емтиханына дайындалуға қажетті мәліметтерді оқып-жаттау үшін қаншама түндерді ұйқысыз сарп еткен жоқпыз ба? Ал қазір не, сәнді киім, телефон, компьютер, түрлі-түсті теледидар, интернет бәрі-бәрі алдында дайын тұр. Сабақта алған төмен баға үшін жазаланамын, сыныптан-сыныпқа қатарымнан қалып қоямын ғой деп ойламайды да, қайғырмайды да. Мектепті бітіргеннен кейін де қалай болады деп бастарын қатырмайды, білімі бар ма, жоқ па, оқи ала ма, оқығысы келе ме, келмей ме баладан ешкім сұрамайды,   ата-анасы шешеді де, қалаған соманы төлейді, оқытады. Сонда жиырма екі  жасқа дейін адал еңбектің дәмін татып көрмеген адам өмірдің қиындықтарының кермек дәмін қалай көтереді  деп ойлайсыздар?! Ұлы Абай атамыздың «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп айтқанындай, біздің болашағымыздың азғындап бара жатқанын мойындайтын уақыт келген сияқты. Егемендік алғаннан кейінгі қиын-қыстау кезеңде оқып, еңбек етіп жатқан  білімді жастарымыз жоқ емес. Бірақ олардың артынан орнын басып келе жатқан жастарымыздың (барлығы деуден аулақпын) көпшілігінің  мүлдем сын көтермейтіні қынжылтады. Біздің жастарымыз бір-бірімен ақыл, ғылым, білім, мінез, намыс сияқты нәрселермен емес, ата-анасының арқасында оңай жеткен дүние- байлықпен, атаққа лайық болмаса да, лауазымды  атақтарды асынып жүргендігімен, тәртіп деген қасиетті сөзді қиналмай айналып, не аттап өте алатындығымен мақтанатын болды. Қазіргі кезде барлығымыз тек жақсы нәрселерді айтуға, көруге тырысамыз. Өмірде қысқа нәрсе болмаса, ұзынның ұзын екенін, қара болмаса ақтың ақ екенін, қараңғы болмаса жарықтың жарық екенін, сұрықсыз нәрсені көрмесек сұлудың сұлу екенін, жаманның жамандығын  көрмесек  жақсыны қалай ажыратамыз. Осы жерде «сын, сыни көзқарас» орын алады. Ал жаман мен жақсыны, қараңғы мен жарықты, сұрықсыз бен сұлуды ажырата алмай тұрған адам өз ісіне сыни тұрғыда талдау жасауға қабілетті деп айта аламыз ба? Рефлексия жасауға үйретуіміз керек дейміз, рефлексияны кім жасайды? Рефлексияны ойланған, өз еркімен, ерік-жігерімен бір іс қылған, істеген әрекетінің нәтижесіне қорытынды жасаған адам ғана өзінің іс-әрекетіне, күнделікті тіршілігіне рефлексия жасайды. Мен өзімнің еңбек жолыма көз жүгіртсем, осыдан біраз уақыт бұрын-ақ шәкірттерімнің дайындап келген сұрақтарына жауап беруге үлгірмей жататын кездеріміз болушы еді. Және де оқушыларды толғандыратын мәселелерге жауап беріп, бәріміз талқылап жатқан кездегі жалын отқа толы жанарларды көру арман болып бара жатыр. Қазіргі балалардың бойын билеп бара жатқан енжарлық, эгоизм, қуана білмеу, ізденбеу, ұмтылмау, талпынбау, армандамау сияқты жаман қылықтардың бой алуы болашаққа кесірін тигізетініне қынжыламын. Баяғыда алдына жан салмайтын бір өтірікші елдің бәріне өтірік айтып-айтып, елді өз өтірігіне сендіріп, өзі айтқан өтірігін ұмытып қалыпты. Бір күндері халық сол әңгімені шынайы етіп өзіне айтқан екен. Сонда өтірікші «аа, солай ма еді» деп өз өтірігіне сеніп қалыпты. Сол өтірікшінің кебін киіп жүрмесімізге кім кепіл?

 

Алматы қ., 03 желтоқсан 2018 жыл