Форум000

2018 жылдың 5 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында «Қазақстан» орталық концерт залында дәстүрлі Республикалық Патриоттар форумы өтті.

Салтанатты шараға Қазақстанның барлық өңірінен 200 делегат қатысты. Олардың ішінде өз кәсібінің үздік өкілдері, ел үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген: орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ұйым басшылары, этно-мәдени орталықтардың жетекшілері, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Форум барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мерейлі мерекелердің тоғысында өткен «Патриоттар форумы — 2018» қатысушыларын құттықтап, 20 жеңімпазды  арнайы «Жыл патриоты-2018» номинациясымен марапаттады.

Марапатқа ие болғандардың қатарында
Орал қалалық №5 автобус паркінің кондукторы Шудабай Серікқали Мамайұлы бар. Серікқали Достық ауылы, Чувашка елді мекенінің Кооперативная көшесінде жеке тұрғын үй өртеніп жатқан жерінен бір адамды аман сақтап қалған.

     Ерлігі көпке үлгі болатын тағы бір «Жыл патриоты» номинациясының иегері Ізмағанбетов Берік. Ол отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасының капитаны. Лайықты марапатқа ие болған спортшы «Патриот деген Қазақстан еліне, оның ішінде туған жеріне қызмет жасау, қандай жағдайда болмасын белсенді болу, өз жігерін, күшін еліне, халқына арнау, өздерінен кейінгі жастарға үлгі көрсету, көмектесу. Сондай жастардың бірі деп мені таңдаған екен, осындай номинация алып жатқаныма өте қуаныштымын» — деді.

Форум соңында кеш қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынылып, эстраданың жарық жұлдыздары рухты әндерін орындады.