Мұғалім еңбегінің биік шыңы — табысты сабақ

Заман көші бір орында тұрмайды, алға қарай жылжи береді, жылжи береді. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің барлығы тек жаңашылдыққа бет бұрып, жаңа заман талабына жауап бере алатын тұлға қалыптастыруды көздейді. ХХІ ғасыр –  бәсеке ғасыры, ал бәсекелестікке қабілеттілік білім берудің өзегінде жатыр. Осындай мақсаттардың негізінде Қазақстанда білім берудің мазмұнын жаңарту әлдеқашан қолға алынған болатын.

Қашан да игі жаңалықтардың жаршысына айналған біз, Талғар ауданының мұғалімдері, наурыздың 26- жұлдызында Тұздыбастау ауылындағы № 31 мектепке «Қазақ тілді мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру» курсына келдік. Бағдарламаның мақсаты –  пән бойынша оқу бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәнмәтініндегі мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін арттыру.

Деңгейлік курстың негізінде жұмыс істеп жатқан мұғалімдерге жаңартылған бағдарламаның мазмұнын игеру аса қиындыққа түсе қоймады. Тренеріміз Бисенбаева Меруерт Кенжеғұлқызының  біліктілігі мен тәжірибені үйрету шеберлігі  арқасында біраз дүниелерді игеріп те қалдық. Жаңартылған оқу бағдарламасының мақсаты мен міндеттерін, құндылықтар мен дағдылар, пәнді оқытудағы педагогикалық әдіс- тәсілдерді, оқу үдерісіндегі белсенділік пен модельдеуші мұғалімнің рөлін курс барысында меңгердік.

 

 

 

Курс барысында іс-тәжірибе алмасу мақсатында  «Өрлеу» «БАҰО» АҚ ПҚБАИ Инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы С. Г. Аблесенова, аға оқытушысы Ж. Х. Саметова және білім бөлімінің мамандары өзара сабаққа  қатысты.

Жаңартылған білім беру бағдарламасын меңгерген мұғалімдердің алдындағы кәсіби мақсат — спиральді оқу бағдарламасының құндылықтарын білімді саралап оқытуда нәтижелі жоспарлап, табысты сабақ көрсету. Бұның бастауы сабақ жоспарлауда жатыр. «Дәстүрлі» оқытуда мұғалім жоспарды өзі үшін құрса, енді оқушы үшін құрылмақ. Өйткені қазіргі табысты оқытудан сыни тұрғыда ойлай алатын, білімді өз бетімен алуға ынталы, коммуникативтік дағдысы қалыптасқан, ой- пікірін өзгенің көзқарасын құрметтей отырып жеткізе алатын, өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау.

Мұғалім еңбегінің биік шыңы – табысты сабақ. Осындай сабақта  ғана біз алдымыздағы оқушының қажеттілігін қанағаттандыра аламыз деп ойлаймын.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында кәсіби біліктілігін көтерген ұстаздардың мерейі үстем болып,бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда еңбектері жансын демекпін!

 

Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылы

МЖДШОБ №45 мектеп- гимназияның

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Абдикожаева Зекен Жылкайдаровна