«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»

Акционерлік қоғамының филиалы «Алматы облысы

бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін

арттыру институты»

Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қолдау кафедрасының

аға оқытушысы А.Болсынбаева

 

 

Сөз мәйегі — рухани жаңғырудың негізі

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру; болашаққа бағдар» мақаласы қоғамда үлкен сірпіліс тудырғаны баршаға аян.

Кез келген адам рухани жаңғыруды бірінші кезекте  өзінен бастау керек. Яғни рухани жаңғыру біз үшін өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізге бет бұрып, қазақтың өзіндік ұлттық даму жолына түсуі екенін сезінгені жөн. Рухани жаңғыру деген ол ұлттың мәдениеті, өнері, әдебиеті мен тарихы тұрғысынан жаңғыру дегенді білдіреді.

Елбасы мақаласында айтып өткендей ұлттық код бұл – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте.

Мәдениет – адамның рухани және материалдық, білімдарлық пен сезімдік қасиеттері айқын аңғарылатын белгілерінің жиынтығы. Ендеше мәдениет сөзінің аясы кең, мағынасы сан тарау. Соның ең негізгісі – тіл мәдениеті. Тіл, сөз –  егіз ұғым дейміз.

Сөз мәдениеті – сөздерді мағынасына қарай дұрыс қолдану, сөйлеу үстінде оларды бір-бірімен қиюластырып, үндестіріп дұрыс айту, емле мен тыныс белгілері ережелерін сақтап, сауатты жазу, тілдің ғасырлар бойы сұрыпталып келген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану.

Халықтың сақталуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.

Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ең бай, оралымды да бейнелі тілдердің бірі. Ол – өнеркәсіп пен техниканың, ғылым мен мәдениеттің және қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласын қамтып көрсететін лексикалық байлығымен, қалыптасқан жазу жүйесімен және сараланған стильдік нормаларымен танылған көркем тіл.

Сөз мәдениеті адамның жалпы мәдениеттілігінің, ойлау мәдениетінің жоғары болуын көздейді. Ана тілін ардақтау, тілді құрмет тұту, оны талғампаздықпен жұмсау, үздіксіз үйреніп отыру, тілдік амал-тәсілдерді қарым-қатынас мақсатына сай қолдана білу – жалпы мәдениетке, оның ішінде, сөз мәдениетіне қойылатын аса қажетті шарттар екенін білген абзал.

Абай Құнанбаевтың да «сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деуінде де үлкен мағына жатыр. Адам сөзі арқылы өзінің мәдениетін, білімін, біліктілігін танытады.

Кез келген халықтың тілінің байлығы оның сөздік қорының молдылығымен танылады. Сонымен қатар сөздің мағыналық түрленуі мен әрлілігі де тіл байлығының көрсеткіші болып табылады. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде өте бай тілдердің бірі. Қазақ тілі жайында Ш.Уәлиханов: «Түркі тілдерінің   ішіндегі ең тамашасы – қазақ тілі» деген болатын.

Барлық адам сөйлей білгенімен, ойды жүйелі жеткізуге келгенде тілге шорқақ болып, сөздерді байланыстыра алмай, сөз жетпей жатады. Сондықтан кез келген адамның өзінің сөздік қоры болу керек. Ол үшін оны үнемі жетілдіріп, өз ана тілінің байлығын барынша пайдаланып, күнделікті тұрмыста қолдану қажет.

Жаттанды сөзден қашу керек өйткені ол сөзді жұтаң әрі нәрсіз етеді. Тіл жұтаңдығы мен сөз жаттандылығы ойдың шолақ болатындыңын көрсетеді.

Сөйлеу мәдениетіне қажетті шарттардың бірі тіл тазалығы. Таза сөйлеу – ой айқындылығының белгісі. Шешендікті қадірлеген халық «Адам баласынан сөз аласы жаман, от шаласынан сөз шаласы жаман» дегенде, ана тілінің байлығын бағаламай, туған тілінде таза сөйлей алмаған адамдардың қойыртпақ тіліне қарап қынжылып айтса керек.

Ойдың айқындылығы, сөз дәлдігі. Ойдың айқындылығы сөз қолданыстағы дәлдікпен тығыз байланысты. Сөз қолданыстағы дәлдік сөйлеушінің тақырыпты қаншалықты меңгергендігімен, ойлау жүйесінің тереңдігімен, қазақ әдеби тілінің байлығы мен нормасын жетік білуімен өлшенеді. Сөз мағыналарын жақсы білген адам сөзді орнымен жұмсай алады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер дәлдікпен қолданғанда, ойдың айқындалғанымен қоса, сөйлеудің көркемділік деңгейін көтереді.

Рух – ұлттық формада өмір сүретін сүйіспеншілік ұғымы. Ол сүйіспеншілік қайдан пайда болады? Егер де ұлттың топырағында туып өссең, оның болмысын қаныңа, жаныңа, тәніңе сіңірсең, тілін меңгерсең, тарихын білсең, мәдениетін білсең, әдет-ғұрпын білсең сүйіспеншілік пайда болады, бұл ұлттық рухтың негізгі базасы болып табылады. Туған жерін ұмытпайтын адам туған елін қадірлейді. Елді қадірлеу туған жердің рухын бойға сіңіріп өсуден басталған. Сондықтанда елде туып, елде тұрып елге жаны ашымаған адам зиялылар қатарында болған емес. Зиялылықтың бірінші шарты адамның туған жерге, халыққа және ұлт болашағына деген шынайы жанашрылығынан бастау алмақ.

Ұлттық рух бар жерде рухани жаңару күш алады. Мемлекет басшысы мақаласында атап көрсеткендей ұлттық сана, ұлттық код рухан жаңарудың түп қазығы, ұлттың негізі арқылы жеке адамның, халықтың, елдің уақыт талабына сай ізденуі, еңбек қоғамын құруы, уақытты, еңбек пен білімді, денсаулықты қатар бағалап, қатар қорғай алған қоғам ұлттық рухымен мемлекетіне, қоғамына, еліне игілік әкелетін дүниелерді қалыптастырады.

Енді рухани жаңғыру кезінде ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын сүйетін ұрпақ, қалың қауым тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамыз жаңғыруы керек. Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы елдің, осы кең байтақ жерді қалай иеленгенін, бұған қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұланғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін бүгінгі ұрпақ білуі керек.