1    Театр –сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі.

Мұхтар Әуезов

                                       Салт-сананың айнасы

Қаңтар айының соңғы күндерінің бірі. Ауа райы да жанға жайлы, жылы қалпында. Алматының өзіндік ерекшелігі де осы табиғатында болар. Бүгін кафедраның онкүндігін де  салтанатты түрде аяқтадық. Кафедра ұстаздары Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқата орындап, ақынның ұлылығына, өшпес тәлім-тәрбиесіне тағы да тағзым еткендей болды.  Іс шараның соңы  М.Әуезов театрына барумен жалғасты. Театрда Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы негізінде қойылған  қойылымды тамашаладық. Қоюшы режиссер-Тұңғышбай әл-Тарази, Қазақстанның халық артисі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «…зал түгел тебіреніп, түгел жылап, жұрттың бәрінің көзінен парлатып жас ағызса, қыран-топан болып түгел күлсе, онда театрға артқан үміттің ақталғаны. Театр дегеніміз — халыққа көптеген ізгі жайларды айтып бере алатын мінбе» деп Н.В.Гоголь  бекер айтпаған екен. Көрілім барысында актерлер рөлінен өмір шындығын нақты көргендей болдым.

«Ай мен Айша» жазушы Ш.Мұртазаның өз анасы жайында жазған шығармасы. Автор өзінің сонау өтіп кеткен балалық шағына сапар шегеді. Әкесін халық жауы деп айдап әкеткеннен кейінгі  үш баланы жеткізу жолындағы ана өмірі көркем суреттелген.                    Спектакль аяқталды. Көрермен актерлерге көпке дейін қол соғып, қошемет көрсетті. Олар да бас иіп, алғыстарын білдіріп жатты. Нағыз өнер деген осы ғой. Халық көңілінен шығып, халық шапағатына бөленсе актер үшін бұдан артық бақыт бар ма?

Театрдан шыққанда күн батып, қаланы қою қараңғылық басқан екен. Әр жерде жылтырап жанып тұрған электр шамдары түнгі қала көркіне әсем бергендей. Бүгінгі қойылымнан алған ерекше әсермен үйіме қарай беттедім.

                                               Қабдылов Дархан

                              директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары,

                                           физика пәнінің мұғалімі.