Ананың аялы алақаны-баланың саялы бағы.

Баланың шыр етіп өмірге келуі-зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы, Алланың берген сыйы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған.     Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға  қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты- тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек.

Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ана. Ана -бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, ананың үлгісімен сіңеді. Сондықтан ана  балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін  аналар;- «Үнемі  жұмыстамын, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Ана  ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге болады. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше әдептілік танытқаны жөн. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір ана «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берген тапсырмаңыздың аяғына дейін орындаулына төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Осылай баланың бірте-бірте еңбекке деген болашағына жол ашылады. Әрі істеген ісін ұқыпты да тындырымды орындауына бағыт бересіз. Баланың жақсы ісін мадақтап, терісін оң етіп түсіндіріп отырса, ол да ересектерді сыйлап, кез -келген тапсырмасын орындауға қарсылық білдірмейді.

Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс — әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін ана  баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізуі керек.. Баланың  бойына  барлық  жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында  жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған  дарыны  болса  дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау –ананың  басты парызы.

Қарапайым мысалға жүгінсек,мектепке келген кезінде сондай сүйкімді, тілалғыш, жүрегі таза, сезімі пәк жас бүлдіршін өсе келе неге өзгереді? Сондықтан; « Мына бала қандай еді,қалай өзгеріп кетті? Мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды? Неге озбырлық жасуға бейім болып алды ?»-деген сияқты сауалдар кесе-көлденеңдейді. Әрине, оның себептерін жан-жақтан іздеуге болады. Ата-анасын ,жүрген ортасын қосқанда оның тәрбиесіне мұғалімнен басқа бірнеше адамның қатысы бар. Балаға жүрек жылуы қашан да қажет және ол ешқашан артық болмайды.Анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің анам да осындай болса,деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді. Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез- келген ананың қолынан келе бермейді. Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, айтқанын орындатады. Бала қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ анасының уысынан шыққан соң өзін- өзі ұстай алмайтын жағдайға жетеді.

Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі — білсем екен деп ұмтылып,одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі «жан құмары, білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен.»деген үлкен пәлсопалық ой жатыр. Яғни, балаға туғаннан тән азығы — тамақ қандай қажет болса,жан азығы — жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет.

Баланың аты-бала. Ол білместікке ұрынбай тұрмайды. Тіпті, бірінші қадамдарына бөбектің ісі бүлдіруден келеді. Бүгін аңдаусыздан аяқ-табақтың бірін сындырып алса, ертең шалбарын шегеге ілдіріп үйге қайтуы да ықтимал. Мұндайда халқымыз «Ата-балаға сыншы» немесе «Баланың балалығына  ананың  даналығы бар» дейді

«Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын.  Әйел адамның алдында тербелетін бесігі болсын», «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты». Ата – ананың адамдық парызын осы мақалалар да өте әдемі бейнеленген. «Ұлы бар үйде қуат бар, қызы бар үйде шуақ бар». Көңілге нұр құятын, өміріңе сән сыйлайтын, өршілдікке үндейтін өлмес даналық емес пе бұл?!Халықта : «Үш іс тындырған адам: яғни бала өсірген кісі,ағаш  өсірген кісі және кітап жазған кісі өлмейді» деген даналық бар.

Ана -өмірдің қайнар бастауы. Ана – ақылды тәлімгер. Ана – бала бақытының бағбаны. Ана өз басын, өз денсаулығын ұмытып, өзгелердің қамын жеуді бәрімізге үйретуші. Аналық парызын адал ақтаудың біздің үлкен әжелеріміз, туған аналарымыз әсем үлгісін танытып өткен. Қазірде де пейілді аналар қаншама.

Әйелдің басты парызы ана атанып, адамзат ұрпағын көбейтуге үлес қосу. «Бала – артта қалған із, бақыт – ұзатылған қыз» дейді халық. Ал ананың міндеті ұлының алдында барлық әйелге тән жақсы қасиеттерді көрсете отырып, өзінің шынайы және шексіз махаббатымен ұлынан да әйел баласы алдында сондай жауапты қасиеттерді көрсетуге шақырады және оның эмоционалды дамуына себепші болады. Ер баланың анасына деген қарым-қатынасы белгілі дәрежеде қыз балалармен жағымды қарым-қатынасты қалыптастыру мәнін игеруге мүмкіндік тудырады, адамдарға қамқорлық жасауға үйретеді, өзінің маңайындағыларға қажетті көмек жасауға ықпал етеді.

Бақыт бірде бар, бірде жоқ, баянсыз болса , бала – баяндылық, өмір гүлі, тірлік тірегі! Ұрпағын тарыдай шашып, тастанды етіп жүрген жеңіл ойлы желбастар өздерінің адамдық парызын ойлаудан аулақтаған берекесіздер… Балаға, ұрпаққа қазақ  халқы қашанда үлкен мән берген.Сондықтан да, туған халқымыз турасын айтады: «Балалы үйдің еңсесі биік». Өйткені бала – бақыт, бала – қуаныш, бала – шаттық, бала – мақтаныш, бала – сүйеу – тірек, бала – болашақ. «Баласыз үй – қу мазар» деп кесіп айтуда да шындық қаншама?! Халық алдымен ата – анадан осыны талап етеді.

«Ана – балаға жастық, әке – көрпе». Бұл – ұрпақтың тәрбиесіндегі бар ауыртпалық ата – ананың ғұмыр бойы мойнында деген сөз «Әр үйдің қашан  барса төрі дайын, сыйлаған ата – анасын адал ұлға» деп босқа айтылмаған. Ананың ақ сүтін ақтау – перзенттік парыз екенін ұмытқандар ұятқа қалады.

Шариғатта да ана жоғары бағаланып, оның бала тәрбиелеп өсіруіне бірінші дәрежелі мән берілген. Өйткені: «Бала – ана қолына берілген аяулы аманат.»

Дайындаған: «Алгорифм»физика-математикалық  лицейінің бастауыш сынып мұғалімі  Ә.Ұ.Кулиева.

Алматы-20.02.2020 жыл.