Абай, Ыбырайдың педагогикалық көзқарастары: дәстүр  сабақтастығы

 

2020 жылдың 29 қыркүйек күні «Өрлеу» «БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша ПҚБАИ «Білім беру процесін педагогикалық-психологиялық қолдау» кафедрасының аға оқытушысы А.Болсынбаева Ұстаздар күніне орай Алматы облысына қарасты аудандардың мұғалімдеріне «Абай, Ыбырайдың педагогикалық көзқарастары: дәстүр  сабақтастығы» деген тақырыпта вебинар өткізді.

Вебинардың мақсаты: ұлы тұлғаларымыздың педагогикалық, ағартушылық бағыттарын насихаттау, олардың ой-толғамдарын ұрпақ тәрбиесінде қолдана отырып, рухани тұрғыдан кемелдену.

Қазіргі білім және ғылым саласында бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, сыни тұрғыдан ойлай білетін және функционалды сауатты ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Жалпы педагогикаға қатысты ой айтқанда, мақала, пікір жазып, сөз қозғағанда, тәрбие мәселесінде Ыбырай, Абайдың сөздерін тілге тиек етеміз. Қажетті тұжырымдарды осы тұлғалардың ойларынан іздейміз, сөздеріне жүгінеміз. Бұның өзі осы дәстүрдің үзілмегендігін, бұл тұлғалардың мұралары біздің іс-тәжірибемізде негіз болып отырғандығының белгісі.

Ыбырай мен Абай мұрасы қанша уақыт, ғасыр өтсе де өз өміршеңдігін жойған жоқ, керісінше өзектілігі артып, олардың ой-тұжырымдары баршамызға рухани азық болып, ұлтымызды жаңғырту ісінде тағылымы зор мұра болып отыр.

Вебинарда Ыбырайдың педагогикалық көзқарасының бірі — шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принципінің маңыздылығы сараланды. Қазіргі таңда кәсіби шебер мұғалімде белгілі бір арнайы педагогикалық қабілеттердің қалыптасуы керек дейміз. Педагогтік қабілеттер мұғалімнің педагогтік қызметте жоғары нәтижелерге жетуін қамтамасыз ететіндей маңызды қасиеттерінің жиынтығы. Педагогикалық қабілеттердің гностикалық, дидактикалық, коммуникативтік, конструктивтік, ұйымдастырушылық, перцептивтік, суггестивтік, экспрессивтік түрлерге бөлінеді. Ал перцептивтік қабілет баланың ішкі жан дүниесін, олардың сезімдері мен жай-күйін ұғынуды білдіреді. Осы жайтты Ы.Алтынсарин өзінің ойлары, әңгімелері, жазған оқулықтары мен атқарған істері арқылы жеткізе білді. Ыбырайды өз тұстастарынан ерекшелендіретін қасиеті ағартушы-практик болғандығында.

Абай мен Ыбырайдың шығармашылық қызметінің негізгі мұраты — адам тәрбиесі. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат — «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындағаны жайында ой бөлісіп, ұстаздар өз пікірлерімен бөлісті.