Ә.С.Мұратов техн.ғ.д., профессор,  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазахстан Университеті, Ақпараттық жүйелер және моделдеу кафедрасы

А.П.Мустафаев   ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері ,Ш.Смағұлов атындағы  мамандандырылған  дарынды балаларға арналған физика-математикалық мектеп-интернаты математика пәні мұғалімі.

Қашықтықтан оқыту  қадамы  қарқынды алға жылжуда.

 

«Білімді болу деген сөздің мағынасы белгісіз нәрсені ашуға  қабілетті болу деген ұғым» — Әл – Фараби.

Күн мен түн, қыс пенен жаз, ақ пен қара, ақиқат пен жалған, плюс және  минус, дифференциалдау мен интегралдау т.с.с. табиғи құбылыстармен қатар өзара  қарама -қарсы  мағынадағы  ұғымдар  біздің  тұрмыс-тіршілігімізде  жиі кездеседі. Олардың  мән-мағынасын  ашып, түсіндіріп жатудың  қажеттілігі  жоқ деп есептейміз. Бірақ олардың  қайсыбірі  бірін бірі  табиғи жолмен алмастырып  отырса, қайсы біреулері бірін бірі жоққа шығарып немесе  бірін бірі  толықтырып үйлесілімділікпен адамзат игілігіне қызмет жасауда. Осындай қарама-қарсы  процестердің, құбылыстардың, ой-пікір, тұжырымда-малардың негізінде ғылым, білім, техника мен технология, адам санасы да дамып жетіліп, кешегі  қиял-ғажайып ертегілер әлеміндегі дүниелер, құбылыстар мен құрылғылар  бүгінде адамзат өмірінің қандайда бір қажет-тілігіне  қызмет атқаруда.

Бұл мақалада бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, адам баласының тұрмыс-тіршілігінің арнасын 180  бұруға мәжбүр еткен COVID-19 індетінің Қазақстан Республикасының  білім  беру  жүйесіне  қаншалықты өзгеріс әкелді сол жөнінде ой бөлінбекші.

Шын мәнісінде індеттің бетін аулақ етіп, қалыпты тұрмыс тіршілікке  көшкенге не жетсін. Дегенмен  бір жоқ, бір жоқты табады — демекші індеттен қорғану, сақтану  іс-шаралары аясында, ҚР білім беру жүйесі  бала – бақша-лардан бастап, орта мектеп, ЖОО қашықтан оқыту үдерісіне көшірілгеніне бір жыл толды. Бір жыл, аз ба, көппе? Әрине  ол  өлшем бірлігі мен  бағалау критерийіне байланысты. Дегенмен білім беру жүйесінде  үлкен өзгерістердің  болғаны  белгілі тіпті  кейбір  құрылымдар мен  оқушы жасөспірімдер мен студент жастардың санасы, жұмыс жасау стилі  түбегейлі  өзгертілді десек те артық айтпаған болар ек. Мақала басында айтып кеткендей өзара қарама — қарсы  ұғымдар: бетпе-бет пен  қашықтықтан оқу, оффлайн мен онлайн, сихронды мен асинхронды, семинар мен вебинар т.с.с. кең көлемде  қолданысқа енгізіліп, жаңа оқыту технологиялары мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың басымдықтары, ғаламтор желісі мен  электронды  құрылым, қондырғылардың мүмкіндіктері сарапталып, әлемдік  деңгейде бір мезгілде сынақтан өткен  іспетті. Екінші жағынан  ғылым мен білімнің  өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақтың  ой-санасымен  қатар  кәсіби   дамып-жетілуіне  ақпараттық-коммуникациялық технология тілін түсініп, өз қажеттлігіне қолдана білу  маңызын айқындап берді.

Ата-ана, мұғалімдер мен ЖОО профессорлық оқытушылар  құрамы мен әрине саналы, талапты  оқушы -студент жастарымыз бетпе-бет оқу мен электронды оқудың артықшылықтары мен кемшіліктерін, қажеттілігі мен мүмкіндіктерін  түсінді, өз қызметтеріндегі  өздерінің басымдықтары мен әлсіз тұстарын сезінді, білді.

Әрине бес саусақ бірдей емес, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге дағдыланған   оқушы -студент жастарымыздың арасында   техникалық мүмкіндіктерінің төмен екенін желеу етіп немесе  мемлекет тарапынан  жасалынып жатқан жеңілдіктерге арқа сүйеп, тіпті жаңалыққа мойын ұсынбай  кертартпалық жасап жүргендері де баршылық.

Бұл орайда кімнің не істеу қажеттілігіне, ата-бабамыздан  қалған:  «Заманың  түлкі болса, тазы боп шал» — деген мәтелі  жауап беріп тұрғандай.

Мақаланы Сәкен Сейфуллиннің   «Адам — керуен, өмір – жол» деген қанатты  өсиетімен  аяқтамақшымын. Адам баласының өмірлік жолында  сан қилы тар жол, тайғақ кешулер кездесіп жатады, бірақ  адам керуені тоқтаусыз алдыға жылжып келеді. COVID-19 салған жолда өмірдің бір белесінде тарих баспалдағы болып  қала береді.

 

Ә.С.Мұратов техн.ғ.д., профессор,  М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазахстан Университеті, Ақпараттық жүйелер және моделдеу кафедрасы,