Қарағанды облысы, Шет ауданы, Бұрма ауылы, Бұрма жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Шатекова Карлыгаш Тулеукулкызы

Отан  үшін  отқа түс,  күймейсің.

Жеңіс қарсаңында немесе Соғыс туралы …

(Бұл эссе Қарағанды облысы, Шет ауданы, Бұрма ауылының тумасы, соғыс ардагері Байшағыров Смағұлға арналады)Отан  үшін  отқа түс,  күймейсің
(эссе-өлең)

 

Естіліп тек құс даусы,

Шырт ұйқыда жұрт жатты.

Бейбіт таңның шапағында

Бомба үні елді оятты.

Ел-жұрт есін жия алмады,

Бала ұйқысын қоя алмады.

Күлімдеп жатып түс көрген

Сәбилер мүлде оянбады.

Адамдар ашты көздерін,

Тәтті ұйқы мүлдем бұзылды.

Қан жапқан елдің жүздерін,

Көз жасы жуып, сүзілді.

Радиодан шықты дауыс,

Жиылып ел келе қалды.

«Бастады бізге фашист СОҒЫС»,

Дегенде жұрт тына қалды.

Отанды қорғау борышым деп,

Майданға  ерлер аттанды.

Атой салған, тыныштықты алған

Жауыңды жаншып таптады …

Ұлы Отан Соғысы… Осы үш сөзде қаншама қасірет, қаншама зар, қаншама орындалмаған арман, қаншама қосылмаған жүректер мұңы жатыр десеңші. Ал шырқырап жылаған сәби мен анасын шарқ ұрып іздеген балалардың құлын даусын қоссақ нағыз қазіргі күндерде көп көрсететін қорқынышты фильмдердің сюжеті шығар еді. Тек сол сұрапыл жылдардың жаңғырығы іспетті ескерткіштер үнсіз. Міне, сондықтан да сол кездегі  халықтың ержүректілігі мен төзімділіктерінің арқасында келген Ұлы Жеңіс туралы тебіренбей, тіпті көзге жас алмай айтып-жазуға болмас.

Ұлы Жеңіс — тарихта мәңгі қалатын күн.

Неменеңе жетістің бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, — деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Қариялар азайып бара жатқанын, әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман оралған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып бара жатқаны белгілі. Бұл – өмір заңы. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қорған, қамқор болып оралған арттағы қалың елге қамығып жеткен Жеңіс күнін біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды.

Осы сұрапыл жылдарда біздің ауылдан да майданға аттанғандар бар еді. Кешегі Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Отан үшін от кешкенімен Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көруді жазбаған соғыс ардагерлерінің бірі – Байшағыров Смағұл.

Смағұл аға 1919 жылы Бұрма ауылына қарасты Шалбай тауында дүниеге келген екен. Ол кездің жастары жылдам есейетін. Өйткені өмірдің өзі есейтетін. Жігерлі жастың қимылы да сөзі де ширақ және орысшаға жетік еді. 1935 жылы комсомол қатарына қабылданып, 1939 жылдың күзінде Кеңес әскері қатарына шақырылады. Қызметте жүрген Смағұл аға үйге оралмастан бірден соғысқа аттанады. Соғыста сержант шенімен «Қызыл ту» және «Қызыл жұлдыз» орденді 32-ші тауатқыштар бригадасында болады. Танк артиллериясының артиллеристі және командирі бола жүріп соғыстың басынан Жеңіс шыңына дейін жеткен. Майданда жарақат алып, госпитальде емделеді. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» дегендей қиын-қыстау кезеңде қайсарлық танытып, үркіп қорықпай батыл шешім қабылдай білген Смағұл аға 1942 жылы қыркүйек айында ер жүрек жауынгер ретінде коммунистік партия қатарына қабылданады. Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Германияны азат еткені үшін», «Жапонияны азат еткені үшін» медальдарымен және Жеңіс күніне арналған мерейтойлық көптеген медальдармен марапатталған.

80 жылдары жазушы-журналист Валерий Могильницкий «На земле Сатбаева» кітабында ардагер жайында былай деп жазған екен. «Соғыстың алғашқы күні майданға солдаттар эшелонымен Байшағыров Смағұл да аттанады. Оны артиллерияға бөлді. Қызыл Тулы Балтық флоты теңізшілерінің 3-бригадасы, 45 миллиметрлі танкіге қарсы батареяның нысаншысы етіп тағайындалды. Байшағыров Смағұл бірінші әскери  тапсырманы 1942 жылы 23 ақпанда Тихвин бекетіндегі Волхов майданында алды. Бөлімше фашист танкілеріне бес сағат оқ жаудырды. Байшағыров Смағұлдың расчеті ондаған немістер және бірнеше машиналарды жойып үлгерген. Осы ұрыс үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Одан кейін С. Байшағыров Карель майданындағы ақ финдықтарды жоюда бірнеше ұрыстарға 7-ші әскер құрамында қатысты. Польшаны және Чехословакияны жаудан азат етуге қатысты. Ол ерекшеленген ұрыстар көптеп саналады».

1943 жылы әскери журналист, майдангер Л. Ломазов «За славу Родины» газетінде Смағұл Байшағыров жайлы жазған очеркі басылған.

«Ардагердің майданда көрсеткен айбынды ерлігі үшін алған жоғары қолбасшы И.В. Сталиннің қолы бар мақтау қағазы әкем үшін қымбат болғаны әлі есімде»- деп еске алады қызы Майқанова Сабира.

Кеңес әскерінің құрамында ол майдан жолдарымен Еуропаға дейін жеткен. Соғыста Оңтүстік Германияның Дюсельдорф қаласында аяқтады. Смағұл аға үшін соғыс 1945 жылдың қазан айында Жапон империалисті жойылған кезде ғана бітті. Ардагер 1947 жылдың басына қарай туған жеріне оралды.

Соғыс бітті. Уақыт емші дегендей ел-жұрт еңбекке араласып, соғыстың салқынын ұмыта бастады. Елге оралғаннан кейін Байшағыров Смағұл сол кездің тәртібі бойынша қол жұмысының қандайына болса да белді буып кірісіп кетеді. Соғыстан кейінгі жұмыстар да оңай болмағаны белгілі. Соның бәрін мойымай көтере білген Смағұл аға 1957 жылы Бұрма совхозының бірінші парторгы болды. Таңертеңнен кешке дейін еңбек ете жүріп, осы совхоздың құрылуына белсене атсалысты. Бұл совхоз ауданымыздың ең алдыңғыларының бірі болды. Ардагер өз ұрпағына өшпес өнегелі мұра қалдырып 1996 жылы дүниеден озды.

Ия, ерлер даңқы мәңгі өшпейді, ерлер есімі ұмытылмайды. Ұлы Жеңісті жақындатуға сан миллиондаған солдаттар мен бірге майдангер Смағұл Байшағыровтың да теңізге қосқан тамшыдай үлесі болды. Ендеше ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Осыдан бес жыл бұрын Бұрма ауылында Байшағыров есімін мәңгілік сақтау үшін ескерткіш монумент ашылды. Сондай-ақ үлкен көшелердің біріне батыр есімі берілді. Майдангердің жары мен балалары әлі де осы ауылда тұрады. Ол кісі жары Қамила шешеймен 8 бала тәрбиелеген екен. Бұл шаңырақта 9-мамыр күні әрдайым мереке болады. Балалары мен немере-шөберелері майдангер атасын еске алып, қадыр тұтады. Ұрпақ жалғастығы деген осы шығар!

 

Ештеңе де, ешкім де,

Ұмытылмас, осы хақ.

Бейбітшілік, еркіндік,

Басыңдағы үлкен бақ.

 

Ұлы Жеңіс құтты болып,

Ардагерлер жасасын!

Тәуелсіздік тұғырлы болып,

Қазақ елі жасасын!